Президент: «Қорғаста» азық-түлік хабын құруды ұсынамын
«Қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұр. Сондықтан осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түскеніміз жөн. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі 10 елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 млн тоннадан астам бидай мен 1,5 млн тонна ұн экспорттаймыз», - деді Президент Сианьдағы саммитте.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет.