Мемлекет басшысы «Жібек жолы» туристік операторын құруды ұсынды
Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарының проблемасына да тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр. Климаттың өзгеруіне байланысты аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп, шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент мәдениет пен білім және туризм саласындағы ынтымақтастық жайын да сөз етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамыту қажет. Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде Қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады.