Қазақ-Қатар қатынасы қарқын алды
Қазақстан мен Қатар сауда, инвестиция, азаматтық авиация және агроөнеркәсіпте байланысты нығайта түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ет және ет өнімдерін, өзге де азық-түлік шығаратын отандық компаниялар тауарын Қатар нарығына экспорттауға мүдделі. Осыған байланысты екі ел арасында халал сертификатын келісу рәсімін жеделдеткен дұрыс. Мұны Премьер-министр айтты.
Әлихан Смайылов Дохада өтіп жатқан ІІІ Қатар экономикалық форумы аясында осы елдің премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Серіктестікке серпін беру үшін қазақстандық әуе компаниясы жыл соңына дейін Астанадан Дохаға қатынайтын тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ал қатарлық әуе компаниясы Алматыға тікелей рейсті көбейткен. Бұл өз кезегінде екі елде туризмді дамытуға ықпал етпек. Қатар премьері барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.