Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруге ниетті емес
Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-парақшасында осындай жазба қалдырды. Ол Еуразиялық экономикалық форумдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай «ЕАЭО аясындағы интеграция тек экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді», - деп жазды. Сондай-ақ экономикалық интеграцияның түпкі мақсат емес екенін атап өтті. Руслан Желдібай өз жазбасында «ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс», - деді
Руслан Желдібай, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы:
- Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.