Президент зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет. Мемлекет басшысы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, осылай деді.
Сапар соңында Президент облыс орталығында жаңадан бой көтерген Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрына барды. Әуелі «Мағжан» пьесасынан үзінді тамашалап, сосын театрды аралады. Осыдан соң Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті. Бірлік хақында ойын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірлігіміз – әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Сондықтан бәріміз халқымыздың, еліміздің өркендеуіне қызмет етуіміз керек. Баршаңызға бақ-береке тілеймін. Біз әрдайым бірге боламыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Әрине, елімізде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сипаттағы мәселелер бар. Проблемасыз ел болмайды. Тіпті ең дамыған, бақуатты елдерде де проблема бар. Егер елде тәртіп болса, заң қатаң сақталса, көздеген нәтижеге қол жеткіземіз.
Жарасбай Сүлейменов, қоғам қайраткері:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қош келдіңіз! Сіз дәуір құбылып тұрған алмағайып заманда мемлекетің тізгінін қолға алдыңыз. Содан бері көп уақыт өтпеді, бірақ енді өткен кезеңді атқарған істермен бағалар болсақ, ондаған жылдарға татырлық мыңдаған жылдарға жүк боларлық жұмыстар тындырылғанына көз жеткіземіз. Бастысы, еліміздегі саяси, әлеуметтік, мәдени, қоғамдық ахуал жақсарды. Жағдай ел бойынша түбегейлі өзгерді.