Репрессияға ұшырағандар арасында түрлі салада қызмет еткен қарапайым қазақтар бар

Қуғын-сүргін құрбандарының арасында тек интеллигенция өкілдері ғана емес, түрлі салада қызмет еткен қарапайым қазақтар да бар.

Қазір соларды да анықтап, ақтап алуға басымдық берілуі керек. Бұл мәселені профессор Құрманғали Ғазизұлы көтерді. Профессор бүгін Астанадағы ғалымдар мен тарихшылардың дөңгелек үстеліне қатысты. «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты басқосуға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сараптамалық топ өкілдері келді. Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар Саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалына гүл шоқтарын қойып, тарихи-құжаттық көрмені аралады. Айта кету керек, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Халықаралық жобаның іс-шаралары 2010 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Оның аясында бірқатар ғылыми-ағартушылық кітап, монография, деректі фильм түсірілген.   

Құрманғали Ғазизұлы,  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры