Ә.Смайылов ТМД мүше елдері үкімет басшыларының кезекті отырысына қатысты
Сочи қаласына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Шағын құрамда өткен кездесуде тараптар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы келісімді талқылады. Ал кеңейтілген құрамдағы кездесуде Достастық елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. Әлихан Смайылов өз сөзінде ТМД интеграциялық байланыстарды тереңдету және көпжақты ынтымақтастықты сақтау үшін маңызды алаң болып қалатынын айтты. Ал Қазақстан осы алаңдағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге мүдделі. Үкімет басшысы электронды сауда, өнеркәсіптік кооперация және «жасыл» экономикаға көшу мәселесін де талқылады. Сөйтпі, достастық елдерінің үкіметтерін ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру бойынша күш-жігерді біріктіруге шақырды. Астанадағы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы бірлескен жұмыс алаңы бола алады.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Былтыр Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымының көлемі 9%-ға өсіп, $36 млрд асты, бұл ретте осы жылдың алғашқы 3 айында 9% деңгейінде өсім тіркелді. Бұл көрсеткіштің артуы негізінен ТМД-ның еркін сауда аймағы туралы келісімді жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қазіргі жағдайда біз ТМД елдерінде өзара сауда-саттықтағы тосқауылдарды, шектеулерді жою бойынша жұмысты айтарлықтай күшейтуіміз қажет. Осы тұрғыда тиісті жұмыс тобы қызметінің маңыздылығын және өзара сауда-саттықтағы техникалық кедергілер туралы келісім жасау қажет.