Қазақстан Еуропаға дәнді дақыл экспорттауға дайын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еурокомиссар Януш Войчеховскиймен кездесіп, Астана халықаралық форумына қатысқаны үшін алғыс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент Еурокомиссардың анасы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанда өмір сүргенін естігендегі таңданысын жеткізді. Басқосуда қазақ-поляк арасындағы ортақ мәдени мұра жайлы айтылды. Сонымен қатар Еуроодақпен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты дамыту мәселесі де талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақында Қырғызстанда «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» жаңа форматында кездесу өткіздік. Бұған дейін Астанада бірінші басқосу болған. Сондықтан тығыз қарым-қатынас жасау жөніндегі ниетіміз бен ұмтылысымызды көрсету үшін жоғары деңгейдегі осындай кездесулерді өткізіп тұру керек. Биыл жыл басында Еуропалық Одақпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 30 жыл толды. Еуропалық Одақпен өзара байланысымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар.
Одан бөлек, кездесуде елде жүргізіліп жатқан реформалар, демократияны дамытуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамда заң үстемдігін орнатуға септігін тигізетін өзерістер туралы айтылды. Мемлекет басшысы Қазақстанның кәрі құрлық елдерімен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор әлеуеті бар екенін жеткізді. Еліміз дәнді және майлы дақылдарды, жоғары сапалы органикалық өнімдердің экспорттын арттыруға дайын. Өз кезегінде Януш Войчеховский құрмет көрсеткені үшін Президентке ризашылығын білдірді.
Януш Войчеховский, Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еурокомиссар:
- Менің Қазақстанмен ерекше байланысым туралы айттыңыз. Иә, анам ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда 6 жыл өмір сүрді. Анам сол қиын-қыстау шақта қазақ халқы оларға мейірімділік танытқанын үнемі айтып отыратын. Сондықтан менің Қазақстанға деген көңілім ерекше. Сізді Астана халықаралық форумын табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Сөйлеген сөзіңізді айрықша ықыласпен тыңдадым. Дұрыс айтасыз, бізге сын-қатерлерді анықтап, түйткілдерді шешу үшін ортақ диалог қажет. Жаһандық деңгейдегі қазіргі күрделі мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі.