Қытайдың Алматыдағы бас консулы: Журналистер Қазақстан мен Қытай арасындағы көпірге айналуы тиіс
Журналистер қауымы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністік пен достық үшін маңызды көпірге айналуы тиіс.
Бұл туралы Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй екі елдің журналистерімен кездесуінде айтты. Басқосу «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында өтті. Қытай консулы «Қытай-Орталық Азия» саммитінің қорытындылары мен оның екі мемлекет үшін маңызы туралы баса айтты. Ол сондай-ақ тараптар арасындағы визасыз режим туралы келісімнің «Қорғас» халықаралық орталығының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Қазіргі уақытта бұл орталық бірегей географиялық артықшылыққа ие. Ол Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық сауда мен гуманитарлық байланыстарды дамытуда маңызды роль атқарады. Қытай тарапының мәліметі бойынша, осы жылдың мамыр айында «Қорғас» орталығына 370 мыңға жуық адам кіріп шыққан. Оған күніне 12 мыңға жуық адам келеді.
Цзян Вэй, Қытайдың Алматыдағы бас консулы:
- Өткен саммитте елдеріміздің басшылары екіжақты қарым-қатынас мәселелері бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізді. Олар Қытай-Қазақстан бірлескен мәлімдемесіне қол қойып, жариялады. Визасыз режим туралы келісім – бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының маңызды нәтижесі. Бұл екі ел азаматтары арасындағы белсенді саудаға және экономика, мәдениет, туризм және тағы басқа салалардағы ынтымақтастыққа ықпал етеді деп ойлаймын.