Сенат төрағасы ӘКК жұмысын сынға алды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға қатысты заңнаманы қайта қарау керек дейді.
Себебі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген қаражат пен жер учаскелері мақсатына сай пайдаланылып жатқан жоқ. Тіпті құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, көптеген заңбұзушылықты анықтады. Алайда содан бері еш нәрсе өзгермеді. Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына да сын көп. Оны дамытуға мемлекет 4 триллион теңге бөлсе де, құйылған қаражат әлі қайтпады. Осыған байланысты Сенат төрағасы бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- ӘКК тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінетін қаражатты тиімді пайдаланып отырған жоқ. Жылда қайталанатын заңбұзушылықтар тұжырымдаманың беделін түсіреді. ӘКК және АЭА мәселелері бойынша бірлескен парламенттік және үкіметтік жұмыс тобын құру керек. Мұнда осы жобалардың тиімділігін талдап, заңнама жөнінде ұсыныстар айтылады.