Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылды
Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылды.
Құрылтайдағы жиын соңында Президент ел рухын көтеретін жаңалықпен бөлісті. Мемлекет басшысының айтуынша, Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған. Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар Құран жанашыр азаматтар мен меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алынды. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалып, отандық және шетелдік ғалымдар мұқият зерттеді. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған, төл тарихымызда ерекше орыны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік.