Астана мен Ташкент арасындағы қарым-қатынас дамып келеді
Ресми Астана мен Ташкент арасындағы қарым-қатынас әлемдік геосаяси шиеленістерге қарамастан қарқынды дамып келеді.
Бауырлас елдердің өткені мен бүгіні бір. Өзара ынтымақтастық одақтастық деңгейге көтеріліп, барыс-келіс жиілеген. Мәселен, Астанадағы Еуразия ұлттық университеті Өзбекстанның Ғылым академиясы өкілдері үшін қолайлы ортаға айналды. Екі елдің ғалымдары бірлескен зерттеулер жүргізіп, саясат пен экономика салаларына тереңінен бойлап жүр. Елордадағы маңызды шараларда Қазақстан мен Өзбекстан саясаттанушыларының жиі бас қосып, тәжірибе алмасатыны тағы бар. «Осы тұрғыда, Астана – әсем қала ғана емес, саяси һәм мәдени маңызы қалыптасқан шаһар», - дейді көрші ел ғалымдары.
Равшан Назаров, Өзбекстан Ғылым академиясы құқық институтының аға ғылыми қызметкері:
- Астанаға барған сайын қаланың сәулеті мен дәулетіне тамсанып қайтамыз. Онда ортақ тарихымыз бен жаңа заман үлгілері тамаша көрініс тапқан. Астанадағы әріптестеріммен тығыз байланыстамыз. Әсіресе Еуразия ұлттық университеті – қуана баратын орындарымның бірі. Біз қазір тарих және мемлекет институтымен де бірлесіп жұмыс істейміз. Зерттейтін саламыз бір. Бізді көп дүние біріктіреді.