Нұрділдә Ораз БҚО әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Нұрділдә Серікұлы Ораз Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Нұрділдә Серікұлы 1981 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын құқық қорғау қызметі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы «31 арна» ЖШС «Информбюро» жаңалықтар қызметінің корреспондент-жүргізушісі болып бастаған.
Әр жылдары бірқатар республикалық телеарналарда қызмет атқарған. 2009 жылы ішкі істер органдарына ауысып, Астана қаласы ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат бөлімінің басшысы, ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры – министрдің баспасөз хатшысы, кейіннен ресми өкілі болды.
2016 жылы ҚР Бас прокуратурасы аппарат басшысының орынбасары, 2019-2022 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Қазіргі тағайындауға дейін Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы болды.