Қ. Тоқаевқа Мұхаммед пайғамбар қабірінің есігін ашты
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясында.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Жиддада өтетін «Орталық Азия Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты саммитке қатысады. Ал кеше Президент Медина қаласына барып, Мұхаммед пайғамбар қабірін зиярат етті. Саудиядан Қорған Қонысбайұлы жалғайды.
Бұл қазақ басшысының бір жылдың ішінде Саудияға екінші рет келуі. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы кезде Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен осы елде ресми сапармен болған еді. Бұл жолғысы жұмыс сапары. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев бірден Медина қаласына тоқтап, Мұхаммед пайғамбар мешітіне барды. Бұл Исламда Меккедегі Әл Харам мешітінен кейін екінші қасиетті саналатын орын. Мемлекет басшысы Алла елшісінің қабірін зиярат етті. Қазақ Президентіне ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды.
Бұл жерде пайғамбармен бірге оның сенімді серіктері болған Әбу Бәкр мен Омар халифалар жерленген. Мешіттің құрылысы 622 жылы басталды. Оның салынуына Алла елшісінің өзі араласты. Қазір мешіт ішімен оның айналысында 1 млн. адамға дейін құлшылық жасай алады.
Орталық Азия мен Араб елдерінің саммиті
Мединадан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Жидда қаласына келді. Мемлекет басшысын әуежайда Мекке провинциясы губернаторының орынбасары, ханзада Бадр бен Сұлтан бен Әбделазиз, Жидда провинциясының губернаторы Салих бен Әли Ат-Түрки қарсы алды. Бүгін президент Жиддада өтетін «Орталық Азия Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысады. Бұл мұндай форматтағы бірінші саммит.
1981 жылы құрылған Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне - Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман Сұлтанаты, Қатар және Кувейт мүше. Алтылықтың кеңесі өзара экономикалық байланысқа негізделген. Сосын арабтар Парсы шығанағы аймағында өңірлік қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз етуде ынтымақтастық орнатқан. Қазір геосаяси жағдай ушығып тұрғанда шығанақтағы алтылық пен Орталық Азиядағы бестік жаңа нарық іздеп жатыр. Сарапшылар бұл орайда екі өңір бір-бірін толықтыра алады деген пайымда.
Бауыржан Әукен, ҚР президенті жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы:
- Жалпы екі жақтың бір-біріне қызығушылықтың тууы ол ең алдымен ОА елдеріне аталмыш араб елдері инвестиция бере алады. Ал, ОА елдері мысалы ауыл шаруашылғы саласында өнімдерін экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар араб елдері біздің аймақтағы елдерге экономиканы диверсификациялауда өзінің тәжірибесімен бөлісе алады деп ойлаймын.
Кейінгі уақытта ОА мемлекеттерінің әлемнің саяси сахнасындағы белсенділігі артып, рөлі күшейді. Бұған дейін өңірдегі 5 ел Президенттері Еуропа, Қытаймен дәл осындай саммит өткізсе, енді араб елдерінің басшыларымен бір алаңға жиналғалы отыр. Жалпы Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесімен бірге жұмыс істеуге көп ел мүдделі. Себебі, әрине, мұнай. Қазақстан мұнайы көп ел қатарында. Сондықтан бұл елдермен қарым-қатынас негізінен энергетика саласында жасалды. Енді қазақ тарапы құм, шөлейтте орналасқан араб мемлекеттеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүдделі.
Жаңа мүмкіндік дегеніміз осы. Яғни араб елдерінің нарығындағы үлесімізді арттыру. Бұған дейін біздің үкімет Шығанақтағы елдерге жоғары сапалы ұн, майлы дақылдар, ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп жеткізуге және Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тразитті дамытуға дайын екенін жеткізсе, Парсы шығанағындағы елдер Қазақстанға инвестиция салу бойынша бірқатар жоспары барын айтқан. Ендеше санаулы сағаттан соң басталатын саммит екі жаққа да олжалы болмақ.