Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Президентке есеп берді

Биылғы жыл 11 жасырын казино мен 2 букмекерлік кеңсе жабылды.

Бұл жөнінде бүгін Президенттің қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов баяндады. Оның айтуынша жыл басынан бері 94 миллиард теңге шығын өтеліп, активтер қайтарылды, 5 қылмыстық топ жойылды. Бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша отын-энергетика кешенінде, коммуналдық қызмет көрсету және газ саласында бірқатар іс тергеліп жатыр. Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды, елімізге құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекі әкелуге жол берілмеді. Тағы азаматтарды алаяқтық іске тартудың алдын алу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелді, қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды. Сонымен қатар Агенттіктің атсалысуымен 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға арзандады. Бұдан бөлек Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл осы аймақтағы елдермен қарым-қатынастың тиімділігін арттырады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғауға, сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.