Президент Қорғаныс министрін қабылдады
Жыл басынан бері мерзімді әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылған 700-ге жуық сарбаз жүргізуші, механик, машинист, слесарь, аспаз және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды.
Бұл жөнінде бүгін президенттің қабылдауында болған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты. Генерал-полковник Мемлекет басшысына қорғаныс ведомствосының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындысы жөнінде баяндап берді. Кездесуде әскерге шақырылатын және мерзімді қызметін өтеген азаматтар туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге көшіру шаралары жөнінде де айтылды. Ақпараттық жүйелердің жаңғыртылып, олардың басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктірілуі тіркеу, әскери есепке қою және әскери билеттерді беру қызметтерін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Руслан Жақсылықов әскерге шақырылатын азаматтарға кредиттік демалыс беру, сондай-ақ білім алуға жеңілдіктер жасау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты. Бүгінде 2,5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді және әскери қызметін өтеген 1,5 мың жауынгерге жоғары оқу орындарында оқуға орын бөлінді. Сонымен қатар министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа территориялық қорғанысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы да есеп берді. Бұл бағыттағы жұмыстар заңнамалық және практикалық деңгейде жүргізіліп жатыр. Президент аталған бастамаларды, атап айтқанда Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім алуға жеңілдік беретін квоталар бөлу, мерзімді әскери қызметін өтегендерге мемлекеттік білім гранттарын ұсыну, сондай-ақ олардың заңнамалық тұрғыда бекітілуін жалғастыру мәселесін назарға алды.
Цитата: Жыл басынан бері мерзімді әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылған 700-ге жуық сарбаз жүргізуші, механик, машинист, слесарь, аспаз және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды.