Өзбекстанның «Чарвак» қоймасынан Сырдарияға қосымша су жіберіледі
Өзбекстанның «Чарвак» қоймасынан Сырдарияға секундына 100 текше метрге дейін қосымша су жіберіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Экология және табиғи ресурстар министрлігі көрші елмен осындай келісімге келді. Қазір өзеннің Қазақстанның бөлігіне жоғарыдан түсіп жатқан тіршілік нәрі тым аз. Вегетациялық кезеңге белгіленген нормадан 3 есе кем. Жағдайды реттеу үшін екі елдің су мамандары кездесті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан тарапы бұл жолы министр Сүлейменова бастаған топты бірқатар гидро нысанға алып барды. Осы күні көршіміз Бахри-Точик және Тоқтағұлдан келетін судың мол мөлшерін тек өз қажеттілігіне жаратып отыр. Ал қазақстандық шаруалар вегетациялық кезеңде тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне тап болды. Бұдан бұрын Өзбекстан жоғарыдан келетін секундына 300 текше метр суды шілде айында Сырға бұрып, Шарадараға құятын болып келіскен. Қазір сол жоспардың тек үштен бірі орындалып жатыр. «Достық» арнасына жіберіліп жатқан тіршілік нәрі де нормаға жетер-жетпес.
Мереке Иманғалиев, Қазақстанның «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымының өкілі:
- Қырғызстанда орналасқан Тоқтағұл су қоймасынан секундына 448 текше метр су жіберіліп жатыр. Ортадағы Бахри Точиктен 500 текше метр жіберіліп жатыр. Сонымен қатар Чарвактан 270 текше метр су түсіп жатыр. Достыққа, 90 куб Қазақстан тарапына өтіп жатыр, 80 – Өзбекстанға.
Ташкент облысындағы «Чарвак» қоймасында қазір 2 млрд текше метрге жуық су бар. Қазақстандағы шаруаларды шығынға ұшыратпау үшін осы гидронысаннан секундына тағы 100 текше метр тіршілік нәрін дария арнасына бұру көзделіп отыр. Бірақ бұл жерде энергетика министрліктерінің келісімі қажет. Себебі кейін Өзбекстан мұның қайтарымына электр қуатын сұрауы мүмкін.
Галидулла Азидуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Шардара қоймасына келетін судың көлемі тым азайып кетті. Жоспар бойынша 300 куб келуі керек еді. Қазір 100-дің шамасында. Ортада оның шығыны, булануы, жерге сіңуі бар. Сондықтан Өзбекстанда келіссөз жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар осында қай жерде қандай қосымша су жіберуге мүмкіндік бар, соны қарастырып жатырмыз.
Бұдан бөлек, еліміздің Жамбыл облысында жағдай күрделі. Онда Шу және Талас өзендері бойындағы 5 аудан сусыз отыр. Қант қызылшасын еккен шаруалар шығынға батамыз ба деп алаңдайды.
Галидулла Азидуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Шу өзені бойынша келетін судың көлемі тым кеміп кетті. Ал Талас өзені бойынша 1 тамызға дейін келісіміміз бар. Секундына 45 текше метр жіберу жөнінде 1 тамызға дейін су қоймадағы суды бөлісіп отырмыз. Айналмалы пайдалануға көшті. Көп шаруашылық нысандарында кейбірі түнде су алса, келесісі күндіз алатын боп, өзеннің соңғы ағысына дейін жеткізіп жатырмыз.
Жыл басындағы болжам әрі келісім бойынша Тәжікстан мен Қырғызстандағы қоймалардан Өзбекстанға секундына 280 текше метр тіршілік нәрі келуі қажет еді. Соның 220-сы Өзбекстанға жетті. Көршіміз белгіленген меженің 70, ал біз тек 30%-ін алып отырмыз. Арада тепе-теңдік сақталмаған.
Еске салайық, 2021 жылы да біздің шаруалар шіліңгір шілдеде сусыз қалған. Онда да мәселе «Чарвак» қоймасы арқылы реттелген.
Авторы: Рауан Мыңбаев.