Каспийде әскери кемелер шеруі өтті
Каспий жағалауында әскери кемелер шеруі өтті.
Салтанатты шара еліміздің әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына арналды. Ақтау жағажайында 10-ға тарта су көлігі, қаз-қатар жүзді. Көрермен теңіз арқылы шекара бұзушыларды ұстау операциясын тамашалады. Мерейлі датаға орай сала ардагерлері Ақтауда бас қосты. Әскери теңіз айлағына барып, отандық үлгідегі соғыс кемелерімен танысты.
Таңсәріден Каспий жағасында әскери кемелері сап түзеді. Ал қарт теңізшілер, матростар мен офицерлер «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоғын қойып, ел ертеңі үшін күрескен боздақтар рухына бас иді.
Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына барлық өңірден 20-ға тарта ардагер келді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров арнайы шақырылды. Погонды зейнеткерлер Ақтау әскери су айлағына барып, «Сарыарқа» және «Орал» жауынгерлік кемесімен ашық теңізге шықты.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Еліміздің әскери-теңіз күштерінің флоты тәуелсіздік жылдары отандық үлгідегі жауынгерлік су көліктерімен толықты. Бүгінде түрлі мақсаттағы 20-ға тарта корабль мен катер бар. Соның 8-і салтанатты шеруге қатысуда.
Соның бірі «Қайсар» броньды жүрдек катері. Су жаңа жауынгерлік су көлігінің бортына 18 десант сыяды. Жағалаудан 500 миль қашықтыққа ұзап, сағатына 45 теңіз узелі, яғни 90-100 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Катер теңіз шекарасын бұзушылар мен броконьерлермен күресте қолданылмақ.
Мұрат Таңдыбаев, "Қайсар" катерінің командирі:
- Соларды қуып жетіп, алдынан орап тойтарыс беруге қуаты жетеді. Алғашқы диверсияға қарсы катер. Жеке құрамда 27 адам бар, 3 адамы экипаж.
Қарулы топ қала жағажайында плацдармды басып алмақ болады. Теңіз десанты шабуылдап, жауды талқандайды.
«Қайсар» катерінің техникалық мүмкіндігін жұртшылық жағажайдан тамашалады. Оқу-жаттығу сценариі бойынша шекара бұзған қарулы топ Ақтауға теңіз арқылы кірмек болады. Жағалауға бекінген террористік топты десант тұтқиылдан шабуылдап, көзін жойды.
Шынар Момбай, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Арнайы Қостанайдан келдім. Балам осында, 5 жыл болды әскери теңізде қызмет істеп жатқанына. Өте қуаныштымын. Елімізді қорғайтын бір азаматымыз. Мен мақтан етемін.
Бауыржан Мұратұлы, әскери-теңіз база командирі:
- Әскери теңіз базасының кемелері өздерінің жауынгерлік даярлығын көрсетті. Бәрі жаңа кемелер. Соның ішінде 4 кемеміз зымыранды-артиллериялық кеме Қазақстанның әскери өнеркәсібінде салынған. Қазіргі сәтте бізде көпфункциональды кеме салынып жатыр. Келешекте 10 мың тонналық кемелерді алу жоспарлануда. 2025-26 жылдары басталады деп ойлаймыз.
Дала сахнасының алдынан әскери теңіз базасының жеке құрамы сапта жүріп өтті. Парадқа сай киінген теңізшілер, сарбаздар мен офицерлер көрермен қошаметіне бөленді. Қала тұрғындары теңіз жаяу әскерінің өнерін, әскери оркестр ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев