Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталады
1 қыркүйекте президенттік кадрлық резервке өтініш қабылдау басталады.
Бүгінде 350 қызметші осы елеулі тізімге іліккен. Олардың 31-і саяси лауазымға тағайындалса, 6-уы А корпусында басшылық қызметтің тізгінін қолға алды. Сондай-ақ 1 адам Мәжіліс депутаттығына сайланып, екі адам мәслихат депутаты атанды.
Биыл 50 адам резервке қабылданады. Осы үздік мамандардың сатына енудің талабы қандай? Үміткер қандай сынақтан өтуі тиіс?
27 жастағы Исламбек еңбек жолын ауылдан бастады. Екі жылға жуық Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ елді мекенінде қызмет етті. Яғни ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Ал бүгінде Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істейді. Жас жігіт президенттік кадрлық резервке үміткерлердің бірі. Ол Қазақстанды дамыту жастардың қолында деп біледі.
Исламбек Оңалтай, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің бас сарапшысы:
- Қазіргі жастар, ол тәуелсіздік аксиомасын ұстанатын жастар деп сенемін. Және сол Президентіміздің ұстанымына сәйкес, жастардың өсуіне, дамуына өте пайда беретін осы кадрлық резервтің үлесінен басшылық лауазымдарына өте талантты және өз ойын ашық жеткізе алатын жастарды таңдалады деп, осыған сенемін.
Президенттік кадрлық резервке өтуге ниетті жастардың мемлекеттік қызметте 5 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Және жасы 35-тен аспауы шарт. Мемлекеттік тілді де жетік меңгеруге міндетті. Үміткерлер бірнеше кезеңде сынақтан өтеді. Ал түпкі шешімді ұлттық комиссия қабылдайды.
Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Резервші резервке түскеннен кейін сол резервте үш жыл бойы тұрады. Сол үш жылдың ішінде оған мемлекеттік қызметтегі әртүрлі лауазымдар ұсынылуы мүмкін. Яғни, резервке кіру міндетті түрде мемлекеттік қызметте бір лауазымды алу емес. Бұл, біріншіден, мүмкіншілік.
Резерв әр екі жылда бір рет жасақталады. 2021 жылы 22 мыңнан астам өтініш түсті. Биыл да аз болмайды дейді мамандар. Құжаттар 1 қыркүйектен бастап қабылданады. Ал қорытынды нәтиже 25 желтоқсанда белгілі болмақ. Резервке 50 адам өтеді. Қазіргі уақытта мұнда 350 адам бар. Олардың 31-і саяси лауазымда болса, 6 адам А корпусында басшылық қызметке тағайындалды.
Нұрқанат Қанапия, Наурызбай Құрманғазы