БҰҰ: Қазақстанның ядролық қарусыз әлемге қосқан үлесі зор
Швейцарияда халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні мен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Декларациясының 75 жылдығына орайластырылған конференция өтті.
Шараны ұйымның Женевадағы бөлімшесі жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі ұйымдастырған. Еліміздің тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев,,,Семей полигонының жабылуы,,,ядролық сынақтар жүргізуге жаһандық мораторий жариялауға түрткі болғанын айтты. Сондай-ақ 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартына қол қойылғанына да тоқталып өтті.
Татьяна Валовая, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:
"Өздеріңіз білетіндей, БҰҰ адам құқықтарының сақталуын қолдайды. Кезінде Қазақстан аумағында, сондай-ақ Маршалл аралдарының аумағында жүргізілген сынақтар кезінде де әділдіктің орнауы біз үшін маңызды болды. Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт барын білеміз. Өкінішке орай, ол әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Әр ел оған ерікті түрде қосылады. Сондықтан ұйымға мүше елдерді міндеттейтін келісім мәселесі қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі."