Шетелдік сарапшылар саяси реформаларға оң баға берді
Реформалар Қазақстанның өркендеуіне және жаңа демократиялық қағидаттардың бекітілуіне септігін тигізеді.
Бельгияның "И-Ю-Репортер" басылымында осылай деп жазылған. Әлеуметтік, экономикалық, саяси реформалар тұрақты дамып келе жатқан мемлекетте ғана жүргізіледі. Көпвекторлы сыртқы саясатты ұстана отырып, Қазақстан жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерге уақытылы жауап беріп жатыр. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің өкілі Давид Чикваидзенің пікірі осындай. Шетелдік сарапшы биыл жазда елімізге бірнеше рет келген. Ол Қазақстан өз жетістіктерімен таңғалдыратынын айтады.
Давид Чикваидзе, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі Бас директорының хатшылық басшысы:
"Кейбіреулер түзетулердің енгізілуіне қатысты кері пікір айтуы мүмкін. Бірақ, мысалы, АҚШ-тың конституциясын алып қарасақ, оның қабылданғанына 200 жылдан асқан. Сол уақыттан бері 26 не 27 түзету енгізілген. Өйткені өмірде өзгерістер болып жатады. Сондықтан реформалар қажет болады. Қазақстан өз мүдделерін қорғау арқылы дұрыс саясат ұстанып отыр."