Депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды
Мәжіліс спикері Президенттің атом электр стансасын салу бойынша референдум өткізу туралы бастамасын стратегиялық шешімдердің бірі деп атады.
Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып және ол бүкіл ел тұрғындарының пікірін ескере отырып шешілетін болады.
Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы алдағы жұмысты талқылап, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Мәжіліс төрағасы бірінші кезектегі міндеттер қатарында отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту мәселесі тұрғанын айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Президент осы сессияға арналған заң шығару жұмысының басым бағыттарын айқандап берді. Біз жаңа бюджет және салық кодекстерін қабылдаймыз. Сонымен қатар цифрландыруды жетілдіруге, ғылым мен технологияны дамытуға заңнамалық тұрғыдан тың серпін беру қажет. Біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттемелерді заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындауды қамтамасыз ету.