С5+1. Орта Азия басшылары АҚШ-та бас қосады
Қыркүйектің ортасында АҚШ-та өтетін С5+1 форматындағы саммиттің салмағы мен маңызы зор.
Америкалық сарапшылар алғаш рет Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бір үстелде АҚШ президентімен кездесетінін назарға алып отыр.
Джо Байден де аймақ көшбасшыларын аттай қалап, арнайы шақырту жіберіп отыр. Өйткені Орталық Азияның маңыздылығы арта түсті. Экономикалық қана емес, тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесін бірлесе ақылдасқан абзал.
Орталық Азия мемлекеттерінің бірлігі һәм бірлесе дамуы аса маңызды. Тағдыры мен тарихы ортақ елдердің болашағы – өзара мығым байланыста. Осыны әу баста ескерген Қазақстан 2015 жылы С5+1 форматын ұсынған болатын.
Америкалық сарапшы Стивен Старрдың айтуынша азулы державалар арасында тепе-теңдік сақтай отырып, көп векторлы саясат ұстанған Қазақстан бастамасы өміршеңдігін көрсетті.
С5+1 форматы дегеніміз – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың тетігі. Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда Орталық Азия мемлекеттерінің мызғымас бірлігі ғана бірі-біріне қорған болады, деді АҚШ-тың үш президентіне кеңес берген Стивен Старр. Сондықтан Нью-Йоркте өтетін саммиттің салмағы зор.
Фредерик Старр, Вашингтондағы Орталық Азия институтының негізін салушы:
- Жалпы C5+1 форматының белсенділігі ешкімге де қайшылық тудырмайды. Бұл Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігін нығайта түседі. Мен осы жолғы мемлекет басшылары мен президент Байденнің кездесуі алдағы уақытта да жиі болады деп үміттенемін. С5+1 форматында министрлер деңгейінде емес, тек президенттер жүйелі түрде кездесіп тұрғаны абзал. Олар арнайы штаб пәтер құрып, тіпті аймақтарда әр үш жыл сайын да жүздесіп отыруы керек.
Сарапшы саммиттің мазмұны әлемдегі геосаяси жағдай қиын кезде одан әрі артқанын айтады. Өйткені, бауырлас елдер арасындағы қақтығыс пен әлемнің бірінші және екінші экономикасы АҚШ пен Қытай теке-тіресі Еуразия аймағына да әсер етіп жатыр. Ал бұл қиындықтардан өзара келісіп, ортақ байламмен ғана өте аласың. Тіпті осы дағдарыстың тиімді тұстарын қарастыру қажет дейді. Әсіресе Қазақстан үшін инвест климатты жақсартып, транзиттік әлеуетті еселейтін мүмкіндік туып тұр. Ал президенттің дипломатиялық шеберлігі Қазақ-АҚШ қатынасын ғана емес, аймақ арасындағы байланысты жаңа деңгеге көтереді деп сенеді Ариэль Коэн.
Ариэль Коэн, атлантикалық сараптама кеңесінің аға қызметкері:
- Меніңше Тоқаевтың іссапары жемісті болады. Байденмен келіссөздері жақсы өтеді деп ойлаймын. Абырой болғанда, ковид кезеңінен аман-есен өттік. Енді Қазақстан сыртқа сататын тауарларға сұраныс артып келеді, сондықтан экономикалық өсім де жаман болмайды деп үміттенемін. Дегенмен, қазір геосаяси тепе-теңдік қалыпты емес екенін айтуымыз керек. Сол себепті Қазақстан президентінің Нью-Йорктегі сапары жемісті болады деп сенемін.
Былтыр күзде С5+1 министрлерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланып, өзекті мәселерді өзара шешуге уағдаласқан. Стивен Старр сол қол қойылған тарихи құжаттарды іс жүзінде, тезірек іске асыратын уақыт келді дейді. Түптеп келгенде бұл аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіз дамуына қажет. Бес елдің байланысы бекіген сайын тиімділігі де арта береді. Сондықтан Нью-Йорктегі саммиттің салмағы зор болмақ.
Нұрбек Бекен, «Хабар-24», Вашингтон.