Жолдау. Халыққа АЭС-тің пайдасы туралы шынайы ақпарат берілуі керек
Халықаралық сарапшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен танысып, пікір білдіріп жатыр.
Олар жаңа стратегиялық құжатта экономикалық бағытқа басымдық берілгенін жоғары бағалап, Қазақстанның мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
Президент Жолдауында экономикалық реформалардың маңызды бағыты ретінде еліміздің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру мен экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды.
Қазақ-грек іскерлік кеңесінің төрағасы Томас Ламнидис өз мақаласында бұл бастамалардың Грекиядағы реформалармен ұқсас екенін тілге тиек етті.
Томас Ламнидис, Қазақ-грек іскерлік кеңесінің төрағасы:
- Қазақ-Грек Іскерлік кеңесі грек тәжірибесінің негізінде көлік-технологиялық әлеуетін ашу, туристік кластерді дамыту, елді цифрландыру үшін реттеуші және ынталандырушы тетіктерді қолдануға ұсыныс білдірді. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің орасан зор әлеуеті үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған ұсынымдар әзірлеуге ниетті.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қосымша қуат өндіру үшін гидроэлектростанцияларды салу мен жаңғыртуға ерекше басымдық берілгені құптарлық іс. Бірақ халықтың да пікірі маңызды, - дейді Орталық Азия бойынша сарапшысы Аркадий Дубнов.
Аркадий Дубнов, сарапшы:
- Бағдарламаның энергетикалық бөлігі өте маңызды. Қазақстан сияқты мемлекеттің электр энергиясын пайдалану үшін өзге елдерге тәуелді дегені бос сөз. Атом электр станциясын салу мәселесі нақты жолға қойылған. Бастысы, бұқараның пікірі ескерілді. Ендігісі халыққа Атом электр станциясының пайдасы мен үнемділігі туралы шынайы әрі нақты ақпарат берілуі керек.
Мемлекет қазынасы бюджеттің тұрақты қалыптасуымен, салық төлеушінің міндеттілігімен тікелей байланысты. Жолдауда экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу керектігі айтылды. Әлеуметтік ғылымдар докторы Е.Олендзкидің пайымынша бұл, оңтайлы қадам.
Ежи Олендзки, әлеуметтік ғылымдар докторы:
- Айтарлықтай өзгерістер салық салудың прогрессивтілігіне назар аудара отырып, бүкіл салық жүйесіне әсер етеді. Салық органдарының салық төлеушілермен өзара іс-қимылының жаңа моделі енгізіледі. Оның негізі салықтық тексерулерді цифрландыру және салық нысандарының санын 30%-ға қысқарту болады. Бұдан басқа, мемлекет пайдасына салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түрлерінің саны кемінде 20%-ға қысқартылады.
Сарапшы пікірінше, Президент жариялаған ұстанымдарына берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аркадий Дубнов, сарапшы:
- Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы – тарихи уақытпен шектелген көшбасшының іскерлік месседжі. Тоқаевтың билік басында 7 жыл отыруы бос сөз емес екені осыдан-ақ байқалады. Өйткені Президент өзінің жоспарларында әділдікті, инклюзивтілік пен прагматизмді бірінші орынға қояды. Бұл ауқымды жобалар 3 жылға, кейде тіпті ұзақ мерзімді қажет етуі мүмкін. Сондықтан бағдарламаларды іске асыру үшін Президент өзіне үлкен жауапкершілік алған.
Президент проблемаларды көтеріп, оның шешу жолдарын да ұсынды. Маңыздысы, механизмнің нақты жүзеге асып, нәтиже беруінде дейді сарапшылар.
Әсия Нұрлыбаева, «Хабар-24»