Аралды құтқару жөніндегі келесі жиын Қазақстанда өтуі мүмкін

Халықаралық аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының жоғары деңгейдегі келесі кездесуі Қазақстанда өтуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстандағы кеңес отырысында осындай ұсыныс айтты. Мемлекет басшысы Қор қызметін жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін атап өтті.

«Бүгінгі саммит тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймағымыздың тұрақты дамуын, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ете алатынын анық көрсетіп отыр. Біздің кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақытылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін. Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді өзім бастамашы болған БҰҰ аясындағы Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын».