Қазақстан мен GE Healthcare компаниясы арасында серіктестік орнады

Ақорда

Мемлекет басшысы GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесті.

Роб Уолтон Мемлекет басшысына компанияның Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Бұл шара науқастардың мәліметін басқару ісін оңтайландырып, нәтижесінде көрсетілетін қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компания Астана медициналық университеті базасында GE Healthcare академиясын ашу арқылы денсаулық сақтау жүйесі мамандарының біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Оқу орны биыл қазан айында қызметіне толық кіріседі. Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен GE Healthcare арасында GE Healthcare компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыруға қатысты негізгі шарттар туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.