Қошанов Кореяда парламент спикерлерінің отырысына қатысты
Ерлан Қошанов "Орталық Азия - Корея Республикасы" парламенті спикерлерінің І кеңесінде сөз сөйледі.
Мәжіліс төрағасы бастаған бір топ депутат екі аймақ арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жиынға қатысты. Іс-шарада тағы Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері баяндама оқыды. Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясы атынан Корея Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының "Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту" тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта Орталық Азия өңірі үшін аса маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды. Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс. Осы саладағы проблемаларды тиімді технологиялармен корея мамандарының тәжірибесін пайдалана отырып, бірлесе шешуіміз қажет деп есептеймін.