Қазақстан-Қытай: азаматтар туралы ақпарат алмасу
Бүгін Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қытай үкіметтері екі мемлекет азаматтары туралы ақпарат алмасу жөніндегі келісімді бекіту Заңын қабылдап, Сенат қарауына жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құжатқа Мемлекет басшысының 17 мамырда Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында қол қойылған болатын. Келісім екі елдің азаматтарына берілген визалар, келу және болу тәртібін бұзушылар және азаматтық қабылдаған адамдар туралы хабар алмасуға рұқсат береді. Бұл қос азаматтықтың алдын алуға және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Шартты іске асыратын құзыретті органдар – Қазақстан жағынан Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қытай жағынан Сыртқы істер министрлігі мен Көші-қон істері бойынша мемлекеттік басқарма белгіленген. Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда сұрау салуды орындаудан бас тарту көзделгенін атап өткім келеді. Бүгінгі күні осындай екіжақты келісім 5 елмен жасалған.