Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы бірлесіп күресуге шақырады
Еуроодақ Орталық Азиямен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша көңіл бөледі.
Ал Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолындағы іс-әрекетті біріктіру бастамалары заман талабымен толық үндеседі. Бұл туралы Еуропарламенттің Орталық Азия елдері және Моңғолиямен ынтымақтастық бойынша делегацияның Брюссельде өткен арнайы отырысында еуродепутаттар мен сарапшылар мәлімдеді.
Еуропарламенттің аталған делегациясы 37 депутаттан тұрады. Бельгиядағы Қазақстан елшісі Марғұлан Баймұхан еуропалық саясаткерлерге Президент Жолдауымен таныстырды. Ол қазақ елінде банк және мемлекеттік қызметті цифрландыру сәтті дамып жатқанын жеткізді. Бұған Mastercard басшылығының Алматыда ТМД мен Орталық және Шығыс Еуропадағы аймақтық хабын ашу туралы шешімі дәлел.
Томаш Здеховский, Еуропарламенттің Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі делегация басшысы:
"Орталық Азия мен Моңғолия Еуроодақтың келешегі үшін маңызды рөл атқарады, әсіресе бұл энергетика саласында ерекше маңызға ие. Сондықтан біз осы елдерге көбірек инвестиция құюды көздеп отырмыз. Сондай-ақ біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың климат өзгерісіне қарсы бағытталған бастамаларын жоғары бағалаймыз. Бұл аймақтағы басқа елдер үшін үлкен месседж".
Бұл ойды Брюссельде кеңінен танымал «DIPLOMATIC WORLD» басылымының шолушысы, саясаттанушы Альберто Тюркстра да қуаттайды.
Альберто Тюркстра, саясаттанушы, Diplomatic World басылымының шолушысы:
"Мұздықтардың еруі, Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі әлемді қаты алаңдатып отыр. Су мәселесіне қатысты істі аймақ бойынша шебер үйлестірмесе, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға серпін беру өте қиынға соғады. Сондықтан Қазақстан осы бағытта күш біріктіруге үндейді".
Климат мәселесі Орталық Азияның басты түйткіліне айналмақ. Сондықтан соңғы кезде бірлескен іс-әрекеттер легі көбейді.
Альберто Тюркстра, саясаттанушы, Diplomatic World басылымының шолушысы:
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған орта мен трансшекаралық су көздерін қорғау мәселесін көтеруде көш бастап тұр. АҚШ-пен ынтымақтастықты да арттырып жатыр. Мұны біз Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблея алаңындағ өткен C5+1 кездесуінде анық аңғардық. "Еуроодақ+Орталық Азия" саммитінің келесі жылғы басты тақырыбының бірі су ресурсы болмақ".
Біздің аймақтың Еуроодақпен әріптестік мәселелері "Қазақстан-Еуроодақ" парламенттік ынтымақтастық комитетінің қарашаға жоспарланған 20-шы отырысында талқыланады деп күтілуде.
Ернат Қашқынов, Жанат Эрнст