Дінаралық келісім – ынтымақ кепілі
Еуропадағы Құран өртеу оқиғалары діни қақтығыстарды ушықтырып, жаһандық бейбітшілікке кері әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 78-сессиясындағы мәлімдемесінде осыған арнайы тоқталды.
Былтырдан бері әлем назары Дания мен Швецияға ауды. Құранның бірнеше рет өртелуі мұсылман қауымның наразылығын тудырды. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарар да қабылдаған. Осы құжатқа автор аталған 47 елдің бірі - Қазақстан.
Цитата:
Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Исломофобияның Еуропада белең алуы жаһандық бейбітшілікке кері әсерін тигізеді. Бұл туралы түрік сарапшысы Фырат Пурташ мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, Қазақстан - әлемдік бейбітшілік миссиясын қолға алған мемлекет.
Фырат Пурташ - халықаралық саяси сарапшы, профессор:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін оның ішкі және сыртқы саясаттағы дүниетанымының көрінісі деп бағалауға болады. Екінші жағынан, Қазақстан - Қытай сияқты конфуцийлік өркениетпен және орыс православиелік өркениетпен көршілес отырған, демократиялық-зайырлы ел ретінде батыс өркениетінің бір бөлігі.
Осы жолғы басқосуда айтылған мәселелерді Біріккен Ұлттар Ұйымының алдағы жылы өтетін саммитінде кеңінен талқыланады деген жоспар бар. Ол үшін нақты іс-шаралар жоспары қажет.
Цитата:
Біз Бас хатшы ұсынған "Бейбітшіліктің жаңа күнтәртібін" қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөл атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог айрықша маңызға ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Фариза Жанғанаева, тілші:
Елімізде 100-ден астам түрлі дін өкілі мен этнос тұрады. Бейбітшілік пен бірлікте күн кешу үшін Президент айтпақшы дінаралық және ұлтаралық келісімнің берік орнығуы аса маңызды. Экстремизм сияқты өзекті мәселелер жетіп артылады. Түйінін шешу үшін 3 жыл сайын Астанада дүниежүзілік дін көшбасшылары бас қосады. Осы орайда Қазақстан - Ислам Ынтамақтастық Ұйымының маңызды мүшесі екенін де айта кеткен жөн.
Авторы: Фариза Жанғанаева