АҚШ-тың ядролық қару туралы хаттамаға қол қоюы кепіл бола ма?

«АҚШ-тың Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа жағымсыз кепілдіктер туралы хаттаманы ратификациялауы маңызды».

Нью-Йоркте өткен «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттері басшыларының саммитінде осы мәселе көтерілді. Сонымен құжатты рәсімдеу қаншалықты өзекті?

Әуелі шарт хақында. 2006 жылдың қыркүйегінде Семей қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Мұны «Семей шарты» деп те атайды. Осыдан соң жиһанда ядролық қаруға ие бес держава – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция біздің өңірге кепіл болу міндетін алды. 

Жоғарыда атаған бесеудің төртеуі хаттаманы ратификациял Дады. Тек АҚШ қана осы күнге дейін тиісті құжатты рәсімдемей отыр. 

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Әлемдегі ядролық қару арсеналының 90 пайызы екі-ақ мемлекеттің үлесінде, РФ мен АҚШ-та. Пәкістан, Солтүстік Корея, Қытай сол қалған 10 пайыздың ішіне кіріп отыр. Сондықтан бұл жерде ең маңыздысы осы екі ядролық қаруы бар мемлекеттердің кепілі.  

Хаттаманың маңызы неде? Ол былай құжатта Орталық Азия елдері аумағында сынақ жүргізбеу, жаппай қырып-жою қаруын орналастырмау міндеті жазылған. Яғни хаттама біздің аймақта ядролық қару саясатын жүргізуге тыйым салады. 

Сондықтан ұлыбританиялық сарапшы «АҚШ хаттаманы ратификациялауды созбауы қажет» деп отыр. Мәселен Британ Парламенті құжатты 2015 жылдың қаңтарында рәсімдеп қойған. 

Дэн Плеш, SOAS Лондон университеті cаясат және халықаралық зерттеулер департаментінің оқытушысы:

- Қазір қауіпті заман. Арсеналында ядролық қаруы бар елдердің ешқашан ядролық соғыс болмайды деп айтуы бос әңгіме. Ядролық қаруы бар мемлекеттермен өзара ымыраға келгенде ғана нәтиже болады. Сондықтан жағымсыз кепілдіктер туралы хаттаманы ратификациялау өте маңызды.

Орталық Азия – солтүстік жарты шардағы ядролық арсеналдарды орналастыруға тыйым салынған жалғыз өңір. Мұндай аймақтар Латын Америкасында, Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде құрылған. 

Әлімжан Ахметов, "Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы" ҮЕҰ директоры:

- Мысалы, біз Латын Америкасындағы ядролық қарудан азат аймақта халықаралық ұйымның жұмыс істейтінін білеміз. Соған сәйкес Латын Америкасы елдері жыл сайын декларация тапсырады. Яғни ядролық қару саясатын жүргізбеу, ядролық қару жасамау және жаппай қырып-жою қаруын өз аумағына орналастырмау жөнінде есеп беріп тұрады. 

АҚШ-тың хаттаманы ратификациялауының тағы бір маңызды тұсы бар. Құжат рәсімделсе,,,, біздің өңірде «ядролық қарудан ада» мәртебесін институционалдандыру процесі аяқталады. 

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Егер ОА аймағындағы ядролық қару сынақтарын өткізбеу туралы келісімшартқа Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай қол қойып отыр. АҚШ қол қоятын болса, ол дегеніміз бұл болашақта кез-келген кикілжің, кез-келген геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты державалардың арасында текетірес болып қалған жағдайда нақты ОА аймағында ешқандай да ядролық қару немесе ядролық қарудың сынағы өткізілмейді деген сөз.  

Сондықтан біздің тараптың «тиісті хаттаманы АҚШ-тың ратификациялауы маңызды» деуі бекер емес. Өйткені Орталық Азияда жаппай қырып-жою қаруының зардабын қазақтан артық ешкім білмейді. 450-ден астам жарылыс болған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі – Семей полигоны неге татиды?! Хош. Сонымен бәрі Америкаға келіп тіреліп тұр емес пе?! Рәсімдемеген жалғыз ел сол дедік. Конгресстің хаттаманы ратификациялауы қаншалықты мүмкін екенін саясаттанушыдан сұрап едік, ол Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аяқталса, АҚШ бұл міндетті орындап қалуы кәдік деді. 

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев