АҚШ пен Орталық Азия елдерінің С5+1 форматындағы серіктестігі талқыланды
АҚШ Орталық Азия елдеріне үлкен қызығушылық танытып отыр.
Осылай деген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниель Розенблюм болашақта Ақ үй басшысының осы аймаққа келу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бүгін Америка елшісі алғаш рет журналистерге брифинг өткізіп, АҚШ пен Орталық Азия елдерінің С5+1 форматындағы серіктестігін талқылады.
Өзін Қазақстанда емін-еркін сезінетін жеткізген АҚШ елшісі баспасөз брифингін өз тілінде жалғады. Күн тәртібіндегі мәселе – Орталық Азия мен АҚШ-тың өзара ықпалдастығы. Соңғы жылдары Американың Орталық Азия өңіріне қызығушылық танытып отырғаны рас. Мемлекеттік хатшысы Энтони Бликеннің ақпандағы бұл өңірге іссапары осының айғағы болса керек. Сол кезде Блинкен аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамту үшін АҚШ қосымша 25 млн доллар бөлуге ниетті екенін жеткізді. Бүгін елші Розенблюм мырза аталған бастама бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталды. Соның бірі орталық сауда-экономикалық дәлізіне қатысты.
Дэниель Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
- Осыдан 2 апта бұрын Ақтау мен Құрық порттарына бардым. Бұл порттар арқылы тауар тасымалын арттыруға қаншалықты күш жұмсалып жатқанын көрдім. ЮСАИД агенттігі қазір осы 2 портпен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Бағдарламалық қамту жүйесі әзірленіп жатыр. Өйткені ақпараттық жүйелердің өзара интеграцияланғаны маңызды. Сонда тауарларды, мәселен, Қазақстаннан Бакуға тасымалдау оңтайланады. Бұл – ЮСАИД-тің бір ғана жобасы. Жалпы аймақтағы сауда-қатынасының дамуына нақты үлес қосуы үшін әр жобаның тиімді болуына мән беріледі.
Осыдан 10 күндей бұрын Нью-Йоркте аймақтағы 5 мемлекет пен Ақ үй басшысы қатысқан саммит өтті. Сол кезде президенттер бірнеше уағдаластыққа қол жеткізген. Атап айтсақ: орнықты даму бағытындағы серіктестік, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, экономикалық және энергетикалық дәліз, климаттың өзгеруімен күрес және адами байланысты нығайту. Дэниель Розенблюм осы 5 бағытта атқарылатын ортақ жобалар құрлықаралық қатынасты бекемдей түсетініне сенім білдірді. Осы күзде министрлер деңгейіндегі жиын жоспарланған. Әзірге Орталық Азияның қай елінде өтетіні белгісіз. Бұның салмақты себебі бар. Келесі жылға арналған бюджет заңы келісілмегендіктен, АҚШ үкіметінің жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін.
Дэниель Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
- Егер де үкімет жұмысы тоқтаса, әрекет етудің бекітілген механимзі бойынша жұмыс істейміз. Мұндай жағдайда кей органның жұмысы уақытша тоқтатылады, ал кейбірінің қызметі атқарылатын жұмыстың маңызына қарай жалғаса береді. Оның ішінде, мәселен, ұлттық қауіпсіздікті қамту жұмыстары. Сыртқы саясатқа байланысты маңызды кездесу, жиындар ұйымдастырыла береді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Орталық Азиямен ынтымақтастық АҚШ үшін маңыздылығы жөнінен басымдыққа ие болса, осы күзде С5+1 форматындағы министрлер кездесуі өтеді. АҚШ елшісі осыны аңғартты. Бірақ бұл мәселеге қатысты шешімнің қашан шығатыны түсініксіз. Өйткені АҚШ үкіметінің шатдауны, яғни жұмысының тоқтатылуы қашанға дейін ұласатыны белгісіз.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев.