Қазақстан санкциялық текетіреске қарсы
Мемлекет басшысы Федералдық канцлердің ведомствосына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц қарсы алды. Мұнда Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Канцлерінің кездесуне қатысты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси шектеулерді айыптады. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды жақтайтынын жеткізді. Өйткені санкция халықаралық қатынасқа сызат түсіреді. Түптің түбінде санкцияның салқыны қарулы қақтығысқа қатысы жоқ елдерге де тиіп жатыр.
Сондай-ақ көлік-транзит саласын серпілту жайы талқыланды. Бұл тұрғыда Транскаспий дәлізінің әлеуеті зор. Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше ұсыныс да болды. Атап айтсақ, сауда шарттарын жеңілдету жөнінде ұсыныс әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары деңгейінде бірлескен жұмыс тобын құрып, Қазақстанда орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын салу ұсынылды. Терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы һәм трансұлттық қылмыс мәселесі де назардан тыс қалмады.