Германия Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесі санайды
Сол себепті Президент Жолдауындағы бастамалар екіжақты ынтымақтастық үшін маңызды дейді неміс сарапшылары.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық берді. Қазақстан нарығының әлеуеті зор. Сондықтан өндіріс көлемін ұлғайтып, елдің экспорттық мүмкіндігін арттыру стратегиялық тұрғыда маңызды дейді Неміс агробизнес альянсының өкілі.
Пэр Бродерзен, неміс агробизнес альянсының директоры:
"Экономика үшін ауыл шаруашылығы әркез басымдыққа ие. Менің ойымша, ет-сүт, астық өнімдерін өндіруде Қазақстанның әлеуеті жоғары. Президент осыны ерекше атап өтті. Аграрлық секторды дамыту Қазақстан экономикасының қарқын алуына мүмкіндік береді. Германия әртүрлі салаларда, әсіресе, ауыл шаруашылығында тәжірибе алмасып, өз озық технологияларын бөлісуге дайын".
Жолдауда қозғалған маңызды міндет - өңдеу өнеркәсібін дамыту. Саланың өркен жаюы үшін Президент алдағы 3 жылда инвесторларды салықтан босатуды тапсырды. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастаманың экономиканың дамуына оң әсер етіп, шетелден инвестор тартуға ықпалы орасан. Сол себепті неміс кәсіпкерлері Қазақстанмен тығыз байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр.
Уве Кнотцер, Knauf Group басқарушы акционері:
"Неміс бизнесі қызығушылық танытқан бірден бір аймақ – Орталық Азия. Жуырда ғана елімізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Осыдан-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын байқауға болады. Бұл тұрақтылықты аңғартады әрі бизнес үшін өте маңызды. Қазақстан біз үшін дамыған ел. Байланыс одан әрі нығая түседі деп ойлаймын".
Қос тарап та қарқынды қарым-қатынас орнатуға ниетті. Сарапшылар Германия Қазақстанға инвестиция салуға, сондай-ақ мол тәжірибесі, озық технологиясын бөлісуге мүдделі дейді.
Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева