Өзбекстан Қытай мен Еуропаны жаңа көлік дәлізімен жалғауға мүдделі
Шығыс пен Батысқа Қазақстан арқылы өтетін жүк транзиті артып келеді.
2014 жылдан бері арада 1,6 млн контейнер тасымалданған. Қытай мен Еуропаны жаңа көлік дәлізімен жалғауға өзбектер де мүдделі. Бұл мәселе Ташкентте өткен Орталық Азия және Қытай дипломатиялық миссия жетекшілерінің кездесуінде талқыланды.
Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Дәстүрлі сауда жолдарында кедергі көп. Біздің ел ғана емес, Орталық Азия үшін бір ғана дәлізбен шектеліп қалмай, балама бағыттарды дамыту қажет. Соның бірі 10 жыл бұрын Қытайда қолға алынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы. Ол Орталық Азияны көктей өткен ежелгі жібек жолын қайта жаңғыртуға сеп болады.
Юй Цзюнь, Қытай Халық Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Қазір аймақта өзара әріптестік пен жүк жеткізу тиімділігін арттыру ісі жүріп жатыр. Қытай-Қазақстан құбыры мен Қытай-Орталық Азия газ құбыры, Қытай-Еуропа пойызы, автокөлік тасымалы және әуе рейстері мұның бәрі жаңа Жібек жолының қазіргі бай әлеуетін көрсетеді.
Қытай аймақтың ең ірі сауда серіктесі. Былтыр Орталық Азия бестігі бұл нарықпен 70 млрд долларға алыс-беріс жасасты. Ал Қазақстан көлік-инфрақұрылымы қалыптасқан қуатты мемлекет. «Батыс Еуропа, Батыс Қытай», «Қорғас» құрғақ порты және жаңа теміржол желілері алып нарықтар арасында жылдам жүк жеткізуге жол ашты. Келешекте бұл тізімге Транскаспий дәлізі қосылады. Кемі кейінгі 30 жыл бойы талқыланып келе жатқан «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржол жобасы да бар. Құрылысы көп ұзамай басталуы тиіс.
Фанил Қадыров, халықаралық Орталық Азия институты директорының міндетін атқарушы:
- Орталық Азия елдері «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізін қалаушы болып та есептеледі. Көлік инфрақұрылымын бірлесе дамытып, инвестиция, технология және тауар алмасып, аймақтық деңгейде алға жылжуымызға болады. Бұл біздің басым бағыт. Тек транзиттік нарық болып қалғымыз келмейді. Әр тауарға төленетін қосымша құн салығынан құр қалмауымыз керек.
Нарықты басқа да тұрғыдан дамытудың бірден бір жолы әлемдік алпауыт мемлекеттерден технологиялық трансферт жасауға ұмтылу. Сол арқылы ғана өндіріс көбейіп, өңделген өнім үлесі артады.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Бұл бастама арқылы жаңа Жібек жолының бойында технологиялық тұрғыда озық өндірістер құрылып жатыр. Онда ішкі нарыққа қажетті өнімдер шығарылып, экспортқа да жөнелтіледі. Мұндай өнеркәсіптік кооперация жалғасын табуы қажет. Біздің ойымызша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы технологиялық трансферт алмасу ісін де жеделдетеді.
Жалпы еліміздің көлік инфрақұрлымына қатысты жобалар Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасып жатыр. «Каспий» порттарының мүмкіндігін пайдаланып, Еуропамен алыс-берісті арттыру барлық тарапқа тиімді болмақ.
Рауан Мыңбаев