Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басшысын қабылдады

Ақорда

Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.

Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

– Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

CITIC басқарма төрағасы Қазақстан тарапымен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалады.

– Біздің СITIC корпорациясы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Маған және менің әріптестеріме бүгін сізбен жүздесу – зор мәртебе. Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайту, – деді Чжу Хэсинь.

Бұдан бөлек, кездесу барысында инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.