Қазақ-Қытай қатынасы қарқынды

Қазақстан мен Қытай Транскаспий көлік бағдарын бірге дамытады.

Аягөз қаласынан Тачэнге дейін теміржол салынады. Көршіміздің ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін ашпақ. Ал Қытай билігі Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды. Мұны Си Цзиньпин айтты.

Мемлекет басшысы бүгін Бейжіңде Қытай Төрағасымен келіссөз жүргізді. Одан соң бірқатар ірі компаниялардың жетекшілерін қабылдады.

Әлем назары осы күндері Қытайда. Тіршілігі дамылдамайтын Бейжіңде қазір тіпті қарбалас. Елдің астанасына жүзден аса мемлекеттің ресми өкілі жиналды. Қазақ президенті кеше кешкісін келді. Ертең Бейжіңде "Бір белдеу-бір жол" форумы өтеді. Осы алқалы жиын алдында Төраға Си Цзиньпин әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесіп алды.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығыстағы көршімізге биылдыққа жасаған екінші сапары. Президент мамыр айында Сиань қаласында болған еді. Енді Бейжіңде. Хош. Бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Қазақ басшысы ертең Қытай астанасында өтетін «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығының III-ші форумына қатысады. Төраға Си бұл жобаны 2013 жылы Астана қаласында ұсынған. Яғни биыл «Бір белдеу, бір жолдың» он жылдығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде Сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз.

Елімізге келгенде Си Цзиньпин «Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды» деген. Осы сөзін бүгін тағы қайталады. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайтынын айтты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III-ші форумына қош келдіңіз. Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі.

Қытай құдай қосқан көршіміз. Екі елдің байланысы «мәңгілік стратегиялық серіктес» деген мәртебеге ие. Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытаймен барлық салада қатынас қарқынды. Бүгінде 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Енді тараптар мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға бейілді. Келіссөз барысында сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы байланысты дамыту жайын талқыланып, мемлекетаралық бес құжатқа қол қойылды.

Енді осы уағдаластық хақында. Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге кеңейтеді. Екі ел Үкіметтері арасында тиісті келісім бекіді. Дәлізті екі тарапта дамыту жоспарланған. Біріншісі контейнерлік, екіншісі мультимадальдық бағыт. Қазір көк айдын арқылы 100 мың контейнер өтсе, алдағы уақытта мұны 5 есе ұлғайтып, 500 мың контейнерге жеткізу көзделіп отыр. Тек теңіз арқылы емес, тауар тасымалын теміржол арқылы ұлғайтуға басымдық беріледі. Бұл бағытта да келісімге қол қойылды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Қазір Қазақстан мен Қытай арасында 2 теміржол өткелі жұмыс істеп тұр. Оның қуаттылығы 28 млн тоннаны құрайды. Ол биыл қуаттылығына толық шығады деген жоспарда. Сондықтан қазір үшінші теміржол өткелін салу мәселесі пысақталды. Тек қана теміржол өткелін салу емес, соның маңында тиісті терминалдық қуаттылықты салу және Қазақстанның Аягөз қаласынан Тачэнге дейін теміржол жүйесін салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Тағы бір келісім авиацияны қамтиды. Қазір «Әуе жібек жолы» деген бағдарлама қолға алынды. Еліміздің көлік министрлігі осы жобаға қосылуды жоспарлаған. Аталған ведомство бүгін Қытайдың авиация комитетімен тиісті келісім жасады. Жалпы былтыр Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы 450 мың ұшақ өткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90 пайызға көп. Енді екі тарап «әуе жібек жолын» біресіп дамытса, ол кезде Қытайдан ұшып шыққан әуе кемелері біздің елге тоқтайды. Жүктерді алып кетіп, жанармай құяды. Қазақ пен қытай мұнай-газ химиясында да бірге жұмыс істеуге ниетті. Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдап, осы бағыттағы бірегей жобаны талқылады. SINOPEC біздің елдегі полиэтилен өндірісіне қатысып жатыр. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар. Компания басшысы келесі жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастаймыз деді. Атырау өңірінде бой көтеретін бұл кәсіпорын әлемдегі ең ірі зауыттың бірі болады. Бұл Синопектің біздің елде жүзеге асыратын бірінші жобасы. Бұдан асқа екінші жоба бар.

Қытай электронды коммерция, көлік және логистика салаларында да әлемде көш бастап келеді. Ал Қазақстан 2030 жылға қарай жалпы сауда-саттықта электронды сауда үлесін 20 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе Қасым-Жомарт Тоқаев пен (ЮТО) YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоның кездесуінде пысықталды. Қытайдың тез жеткізуге машықтанған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін ашпақ. Алдағы уақытта шығыстағы көршімізден алған тауарды елге бір күнде жеткізетін күн туады

Мемлекет басшысы Қытайдың CITIC Construction деген алпауыт компаниясының басшысын да қабылдады. Бұл корпорация Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын арттырмақ

«Бір белдеу, бір жол» форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылмақ. Осы құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұл мәселені Мемлекет басшысы CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директорымен талқылады. Cунь Юнцай басқаратын корпорация біздің елде 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Енді аталған компания Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарығына шығу үшін 200 миллион доллар инвестиция құймақ. Жалпы CRRC Corporation әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады. Әрі жаһандағы локомотив өндірісінің шамамен 50 пайызын алады. Хош. Осының бәрі баянды болсын дейсің. Арада бекіген келісімдердің сәтті жүзеге асуы үшін екі ел басшылары жиі жолығып тұрмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпинді келесі жылы елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков