Грузиядағы университетте Абай атындағы дәрісхана бар
Грузиядағы Қазақстан елшілігі Республика күні қарсаңында Сухум мемлекеттік университетіне барып, Абай Құнанбайұлы атындағы дәрісханада болды.
Мұнда еліміз туралы мол мағлұмат беретін тарихи және әдеби туындылар қойылған. Сондай-ақ қазақ елшілігінің өкілдері жиылғандарға Қазақстанда қолға алынған реформалар жайлы айтып берді.
Сухум мемлекеттік университетіндегі Абай Құнанбайұлы атындағы дәрісхана 2 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда Қазақстан мен Грузия арасындағы достық қарым-қатынастың көрінісі бейнеленген.
Индира Дзагания, халықаралық мәдени байланыс департаментінің басшысы
- Дәрісханамыздың одан әрі жандануы үшін әлі де жұмыстар атқарамыз. Қазақстан бізге тек стратегиялық серіктес емес. Досымыз әрі әріптесіміз.
Ұлы ақынға арналған дәрісхана да екі халық арасындағы ғасырлық ынтымақтастықтың куәсіндей.
Грузиядағы Қазақстан елшілігі дәрісхананы қажетті жабдықтармен, кітаптармен қамтамасыз етті. Мұнда еліміздің әдебиеті, тарихынан сыр шертетін еңбектер де бар. Студенттер Қазақстан туралы дәріс тыңдап, екі елдің тарихы мен ұстанымдары жайлы мағлұмат ала алады.
Гия Геладзе, студент:
- Қазақстан - мүмкіндіктер мекені. Экономикасы қуатты. Табиғи ресурстарға бай ел. Мен Қазақстанда оқығым келеді. Оған мүмкіндіктер де жоқ емес. Себебі қазір екі елдің арасында серіктестікті дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған шарада Қазақстанда қолға алынған реформалар жайы да сөз болды. Жиылғандар жасалып жатқан жұмыстарға оң көзқарас білдіріп, екі елдің достығына бағытталған жобаларға қолдау біліретіндерін жеткізді.
Фариза Жанғанаева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили