Президент медициналық сақтандыру жүйесінің маңызына тоқталды

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесі эпидемияның алғашқы белгілерін анықтап, тосын сын-қатерлерге қарсы әрекет ету ісінде маңызды рөл атқарады.

Дәрігерлердің басқосуында  Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, COVID пандемиясын еңсеруге үлес қосқан барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға дайын болуы үшін оған қолдау көрсету керек деді. Ауру-сырқаудың белгілерін бастапқы кезеңінде анықтау үшін де медицинаның әлеуетін арттыруды жалғастыру қажет. Одан бөлек, Президент елдегі сала серпілісіне әсер етіп жатқан шараларға арнайы тоқталды. 

Цитата

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді.

Президент арнайы коалиция құруды ұсынды

Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік тұрғындардың саулығы мен алғашқы көмекті жетілдіруге бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету саласын, жалпы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда жастарға зор сенім артатынын атап өтті.