Әлихан Смайылов Кореяның министрімен инвестжобаларды талқылады
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гынмен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Жалпы еліміз осы мемлекетпен сауда-экономикалық байланысты арттырмақ. Бұған тауар айналымының серпінді өсуі дәлел: былтыр ол 2,3 есе өсіп, 6,1 млрд доллардан асты, ал биылғы жылдың 8 айында тағы 11%-ға артты. Оңтүстік Корея ірі инвесторлардың топ-10-дығының қатарында. Соңғы 18 жылда Қазақстанға 9,2 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Ал былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық 1,5 млрд долларға жетті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
«Бүгінде жалпы құны $1,5 млрд болатын 5 жоба жүзеге асыруға дайын және жалпы құны шамамен $500 млн тағы 25 перспективалық жоба әзірленуде. Айқын мысал ретінде, Қостанайдағы жылына 70 мың автокөлік өндіруге қуаты бар, инвестиция көлемі $190 млн жаңа ірі KIA зауытының құрылысын атауға болады».
Өз кезегінде Ан Док Гын Оңтүстік Корея Қазақстанмен экономиканың әртүрлі саласы бойынша белсенді технологиялық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. «Қазақстандағы KIA зауыты сияқты жобалардың маңызы зор. Егер ол сәтті жүзеге асырылса, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үлгіге айналмақ. Бұл басқа да осындай зауыттар мен өндірістердің құрылысына ықпал етеді», — деді Оңтүстік Кореяның сауда министрі.