Қоғам қайраткерлері мерекенің тарихи маңызы туралы пікір білдірді
Республика күні – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арманы ақталған күн.
Жастар осыны естен шығармай, ұлт үшін қалтқысыз қызмет қылу керек. Қоғам қайраткерлері осылай деп, егемендігімізді алғаш рет айғақтаған мейрамның тарихи маңызына тоқталды. Осыдан 33 жыл бұрын қабылдаған құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылған еді. Енді кейінгі ұрпақ та осы сара жолды лайықты жалғауы керек. Ұлттық мерекенің тарихи маңызы жайлы аға буын өкілдерінің пікірін тыңдап қайтқан Бекзат Амановтың бейнематериалына кезек берейік.
Оразалы Сәбден – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдауға қатысқан азаматтың бірі. Оның айтуынша, тарихи құжатты мақұлдау оңайға соқпады. 6 сағатқа созылған қызу пікірталастан кейін депуттаттардың 90%-і егемендікке дауыс берді. Сол күні тәуелсіздіктің туын көтеріп, қазақтың сөзін сөйлеген азамат декларация елге азаттық әперді, енді әрі қарай ел іргесін берік қалап, даму жолында жұдырықтай жұмылу міндеті жастардың мойнына жүктеледі дейді.
Оразалы Сәбден, экономика ғылымдарының докторы:
- Жастар алдымызда, жасанды интеллект дейді, роботизация дейміз. ІТ технология дейміз т.б. Міне, жастарымыз осыны игеру керек. Азаматтар ауылға барып, көмектессін. Біреуі қаражатпен, бизнеспен, біліммен, спортпен мәдениетпен. Ауылдан шыққан азаматтар көмектессе, ауыл тез арада дамып кетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі мерекелік мезірет кезінде елдің даму бағытын айғақтаған еді. Президент өз сөзінде «Адал азамат» ұғымын тағы бір еске салып, жастарға арнайы үндеу жолдады. Ал осы «Адал азамат» тәрбие мен білімнен басталады. Марат Әбсемет осылай дейді. Оның айтуынша, адал азамат мемлекеттің өркендеуіне жол ашады.
Марат Әбсемет, тарих ғылымдарының докторы:
- Адал азамат деген қайдан шығады? Толық адам дегеннен шығады Ұлы Абайдың. Сол адал азамат деген – бірінші жауапкершілік. Мемлекеттің алдында, отбасының алдында жауапкершілігі болса, сонда біз ел боламыз. Біз ұлттық құндылықтарымызға қайтадан оралып жатырмыз. Отбасына адал болса, мемлекетке де адал болады.
Одан бөлек, Президент өз сөзінде ғылым-білімді дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Бұл бастама да бұқара тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Әрі қарай әр саланың басында ілім тұруы керек, - дейді қоғам қайраткерлері.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейтов.