30 мыңға жуық талдықорғандық жаңа баспанаға ие болады
Алдағы жылдары 30 мыңға жуық талдықорғандық жаңа баспанаға ие болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жетісу облысының орталығында бүгінде жаңа шағын ауданның құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл жобаға 28,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс жұмыстарымен танысып, өңірдегі бірқатар мәдени, туристік, өндірістік нысанды аралап көрді.
Риат Шони, тілші:
- Биіктігі 5 метр, салмағы 10 тоннаға жететін таза қоладан құйылған Шоқан Уәлихановтың бұл мүсіні 1979 жылы ҰОС ардагері Игібай Базарбаевтың бастамасымен орнатылған. Ал араға 6 жыл салып, осы маңда қазақтың тұңғыш ғалымы, этнографы, саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына арналып музейі де салынды.
Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне жұмыс сапарын атақты ғалымның бейітіне зиярат етуден бастады. Бұған дейін Президент Шоқан Уәлихановты әлемдік деңгейде дәріптеу керектігін айтқан еді. Мұндай тарихи орындар туралы үнемі айтып, ұрпаққа таныстырып отыру қажет. Осы тапсырмалардан кейін биыл оның музейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Марал Рахатова, Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейінің меңгерушісі:
- Соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша 338 млн теңге қаражат жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары өтті. Жасалды, осы шілде айының басынан басталды. Цифрлық технологиялармен жабдықталып, ЛЕД экран, ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, конференц-залымыз бар. Қазіргі заман талабына сай технологиялармен жадықталды.
Жөндеуден өткен ғимаратпен танысқан Президентке көрнекті ғалымның өмірі мен еңбек жолы, әскери қызметі, тарихи-этнографиялық, географиялық зерттеулері және ғұмырының соңғы кезеңі туралы тарихи деректер мен экспонаттар көрсетілді. Осы ретте мемлекет басшысы музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын да қалдырды.
Айта кету керек, Шоқан Уәлихановтың музейіне жылына 2,5 мыңға жуық адам келеді. Арасында шетелдіктер де бар. Жалпы жер жәннаты Жетісу өзінің туристік әлеуетімен мақтана алады. Кейінгі 3 жылда өңірге келетін саяхатшылардың саны 2 есе артқан. Қазір Жетісу облысында туризм саласын дамытуға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған.
Рустам Әли, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:
- Жолымыз, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Аяқталып қалуға жақын. Ал Үшарал-Достық жолының реконструкциясы толықтай аяқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы облыста туристік нысандар аз емес, жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Жалпы облыстың басымдығы туризм болу керек. Неғұрлым адам көп келсе, облысқа да жақсы болады. Сондықтан облыстың әлеуеті өте үлкен деп мен ойлаймын.
Сондай-ақ өңірде өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл цемент зауыты облыста 2020 жылы салынған. Кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна цемент өндіреді. Бұл өндіріс ошағы қазір Алматы қаласы, Жетісу мен Алматы облыстарының цементке деген сұранысын 65%-ке дейін қамтамасыз етіп отыр. Өнімдері баспана, жол құрылыстарында кеңінен қолданылады. Мәселен, Үлкен Алматы өзеніне салынған «Аюсай» бөгетінің құрылысына да дәл осы зауыттың цементі пайдаланылған.
Станислав Щербаков, цемент зауытының басқарушы директоры:
- Бүгінде Қазақстанда 12 цемент зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, бұл өнім түрі елде жеткіліксіз деңгейге өндіріледі. Оның үстіне географиялық тұрғыдан да диспропорция бар. Себебі цемент шығаратын кәсіпорындардың барлығы еліміздің шығысы мен оңтүстігінде орналасқан. Батыс пен орталық өңірлерде мүлдем жоқ. Енді біз Қазақстанның батысында өз зауытымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, қазір туындап отырған диспропорцияны сәл де болса төмендетпек ниеттеміз.
Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқан Мемлекет басшысы мұндай өнімдердің өндірісі бүгінде аса маңызды екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұндай өндіріс қазір аса сұранысқа ие. Құрылыс материалдары – біздің экономикамызға қажет дүние. Бұндай өндірісті мен қолдаймын. Сондықтан арнайы келіп отырмын.
Сонымен қатар Президент зауыт жұмысшыларымен де әңгімелесті. Бүгінде кәсіпорында 800 адам еңбек етсе, соның 90%-ке жуығы – Қазақстан азаматтары. Дені – жергілікті тұрғындар.
Тимур Күзебаев, зауыт жұмысшысы:
- Осы зауытта мен 2022 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмын. Басында келген кезде қиын болды. Бірақ осы уақытқа дейін, бүгінгі күнге дейін істеп, үйреніп алдым. Қазір кішкене жеңілірек болды. Осы біздің жас балаларға инженерлік мамандықтарға, инженерлік және геологиялық мамандықтарға кеңес беремін.
Қазір Талдықорған қаласында құрылыс қарқынды түрде жүріп жатыр. Жергілікті жерде өндірілетін цемент те аса қажет. Бүгінгі жұмыс сапары барысында Президент облыс орталығындағы жаңа шағын ауданға да арнайы ат басын бұрды. Қазір мұнда 41 тұрғын үй салынып жатыр. Болжам бойынша, бұл шағын ауданда 28 мыңнан астам адам тұратын болады. Бұл – қала халқының 14%-і. Тұрғындар саны көбейгендіктен, қажеттіліктер де артатыны анық. Сондықтан Президентке қуаты сағатына 50 Гкал болатын газ қазандығы мен 1200 орындық мектеп салу қажеттігі туралы айтылды. Мәселелерді мұқият тыңдаған мемлекет басшысы Үкіметке аталған проблемаларды зерделеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырды.
Мектеп демекші, облыста алдағы 3 жылда 8 мың 800 орынға шақталған 16 жаңа білім ұясын салу жоспарланған. Соның жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Бұл жөнінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын Президентке баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты. Өткен жылы Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне келгенде Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұрғанына назар аударған еді. Биыл кәсіпорынға толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылған. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қант өндіретін жергілікті фермерлердің мүддесін қорғау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір бразилиялық қанттың бағасы арзан болғандықтан, көбі соған басымдық беріп жатыр. Әрине, бразилиялық қантсыз нарықтағы ахуал күрделеніп кетеді. Дегенмен отандық фермерлердің де мүддесін қорғау керек.
Бүгінде өңірде бар 2 қант зауыты 280 шаруашылықтан 205 мың тоннадан астам шикізат қабылдаған. Оның 56 мыңы өңделіп, 7 мың тонна қант алыныпты. Жалпы сапар барысында Президент облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бақытбек Нұртаев, Алмас Омарғалиев.