Астанаға Венгрия премьер-министрі келді
Қазақстанға ресми сапармен Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді.
Сапар барысында екі жақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүреді. Сарапшылардың айтуынша, тамырлас елдер табысты ынтымақтастыққа мүдделі.
Қазақстан мен Мажарстанның берік байланысын тарихтың өзі біз үшін шешіп қойған. Әлімсақтан түркілердің ұрпағы саналатын мажарлармен діліміз бен мәдениетіміз ұқсас. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Венгрия алғашқылардың бірі болып стратегиялық серіктестік туралы Декларацияға қол қойды. Дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 2 сәуірде басталды. Содан бері сауда-экономикалық байланыс белсенді дамып, түрлі салада ынтымақтастыққа қол жетті.
Нұрғали Нұрмағамбетов, сарапшы:
- Мәдени-саяси жақсы қарым-қатынасымыз бар Венгриямен, енді соны нығайтуымыз керек. Өйткені ол Еуропаның центрі. Біз көбінесе еуромен жұмыс істейміз. Енді сол Түркі елдері дейді, басты маңызы сол ғой. Саяси және мәдени қатынасымыз. Басты тақырып осы кездесудің.
Биыл Қазақстан мен Мажарстанның тауар айналымы шамамен 25 пайызға өсіп, 130 млн долларға жуықтады. 2005 жылдан бері мажарлар экономикамызға 318 млн доллар инвестиция салды. Қазақтың қалталылары да тамырлас елге аз-маз қаржы құйып отыр. Экономистердің пайымынша, сапар кезінде мұнай және білім саласындағы ынтымақтастыққа басымдық беріледі.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Бұл елмен біздің қарым-қатынасымыз ежелден тарих арқылы байланысатын болса, қазіргі таңда экономика жағынан, әсіресе мұнай. Міне осы мұнай саласында алыс-берісіміз көп. Өзіміздің шикізат, оны дайын өнім етіп өткізу жөнінде келісім-шарт жүргізіледі. Және ол жақтан білім саласынан бізге көп гарнт беріледі.
Бекзат Аманов, тілші:
Мажарстан Премьер-министрі сапарының тағы бір маңызы бар. Виктор Орбан Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысады деп күтілуде. Венгрия мұнда бақылаушы ел. Ертең өтетін жиында түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастық, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық талқыланады. Бұл да мажарлармен байланысымыз тереңде жатқанын көрсетсе керек.
Бекзат Аманов