Қазақ пен мажар байланысы қарқын алады
Мажарстанға ет, ұн, күнбағыс майын экспорттаймыз. Қазір екі ел арадағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға басымдық беріп отыр.
Ынтымақтастықты ырысты ете түсу үшін бүгін елге ресми сапармен Венгрия Премьер-министрі келді. Виктор Орбан Қазастанды Атажұртым деді.
Ақорда кешеден бері еуропалық меймандарды қарсы алып жатыр. Франция президенті Макронның ізін ала бүгін резиденцияға Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді. Ресми сапардың мақсаты Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту.
Виктор Орбан кәрі құрлықтағы сақа саясаткер. Екінші рет Мажарстан үкіметін басқарып отыр. Әуелде 35 жасында премьер болған. Бұл 1998-2002-ші жылдар еді. Осы кезеңде Венгрия Натоға қабылданды. Одан соң сайлауда жеңіліп, премьер-министрлікке 2010-да қайта оралады. Содан бері үкімет басшылығында. Осы жылдары екі ел арасындағы байланысты найғайтуға Орбанның қосқан үлесі аз емес. Бізге бір бүйірі бұрып тұрады десек болады. Себебі, түбіміз бір.
В. Орбан: Атажұртқа оралу әрдайым керемет
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз.
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
- Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыр байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді.
Қазақ пен мажар газды бірге өндіреді
Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысқа қарқын қосу жайын пысықтады. Виктор Орбан серіктестікке серпін беруге бейілді екенін жеткізді. Сарапшы да солай дейді.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Ол елдің біздің елмен қарым-қатынасты жақсартуға құлшынысы көп. Біз де әрине сол орайда. Бұл елдің бізден алатын негізгі импорттайтыны мұнай.
Экономистің сөзін сабақтай түссек, екі елдің экономикалық байланысында табиғи ресурстың салмағы басым. Бұл бағытта ортақ жоба да қолға алынды. Біздің «ҚазМұнайГаз»,,, Мажарстанның MOL деген ұлттық мұнай-газ компаниясымен бірге Батыс Қазақстан облысындағы Рожков кен орнын игеріп жатыр. Нәтиже жақсы. Мәселен биыл...
Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы:
- Биыл енді Құдай қаласа дейміз жылдың аяғына дейін бірінші газ бен конденсат өндіру көлемін бастаймыз деп жатырмыз. Осы күнге дейін сол дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы мына Рожков кен орны біздің жоспар бойынша жылына 1 млрд дейін газ өндіреміз. Кезең-кезеңімен осы деңгейге шығамыз. Биылға енді жоспарымыз әзірше 13 млн куб шығарамыз деген жоспарымыз бар.
Мажарстанға тауар экспорты ұлғаяды
Бауырлас елге ет, ұн, күнбағыс секілді өнімдердің экспортын арттырамыз. Қазіргі мақсат арадағы сауда-саттық көлемін ұлғайту. Келекшетегі меже - 1 миллиард доллар. Алыс-берісте өсім болғанымен, жалпы көрсеткіш ауыз толтырып айтатындай емес.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Былтыр Мажарстанмен арадағы тауар айналымының көлемі 100 млн АҚШ доллары болды. Биылғы тоғыз айда 24 пайызға өсті, тағы да өсуі мүмкін. Оның көбі - Мажарстаннан келетін импорт. Дәрі-дәрмек, көкөніс, көбі тағам. Сапасы өте жоғары. Біз не апарамыз десек, биыл балық жеткізуді бастадық. Биыл көлемі екі есе көбейді. Бұрын 67 тонна болса, қазір 120 тонна жібердік.
Қазақ пен мажар байланысы қарқын алады
Қазақ басшысы мен мажар премьері энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм саласындағы байланысты дамытуға мүдделі. Еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі өнім жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылысқа қажетті тауарларды экспорттауға мүмкіндік бар. Ал, мажардың «Globalia» деген кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салады. Жоба құны – 150 миллион доллар. Бір бұл емес. «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Әрі біздің елде 3 инвестициялық қор құрсақ дейді. Ынтымақтастық тек экономика яки қаржы саласымен шектелмейді, гуманитарлық қатынас та нығая түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады.
Астанадағы бір көше Мажар ақынының атымен аталады
Астанадағы бір көше енді мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің атымен аталады. Осындай шешім қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достықтың айқын дәлелі деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз.
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
- Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын.
В. Орбан I дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мажар премьерінің елеулі үлес қосқанын айттық. Виктор Орбанның осы еңбегіне Мемлекет басшысы бүгін лайықты бағасын берді. Атажұртқа келген мейманды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл біздің елдегі ең жоғары награда. Осы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев мұқым мажар жұртына деген ықылас-пейілін көрсетсе керек. Өз кезегінде Виктор Орбан екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшімді жұмсауға дайынмын деді. Ал саясатта тараптардың өзара мәмілесі жақсы болса, өзге байланыс қарқын ала түсері хақ.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров