Қарағанды облысында үш елді мекенде сайлау пилоттық жоба ретінде өтеді
Қарағанды облысының тұрғындары бүгін 2 аудан мен бір қаланың әкімін сайлайды.
Атап айтқанда, Ақтоғай, Осакаров аудандары және Приозерск қаласында саяси науқан қызу жүруде. Осы 3 елді мекен пилоттық жоба ретінде мәслихат сессиясында мақұлданған болатын.
Осакаров ауданы Қарағанды мен Астананың дәл орта тұсында орналасқан. Облыстағы астықты алқаптың бірі. Аудан бойынша 42 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. О баста аудан әкімдігіне үміткер 4 кандидат тіркелсе, кейін біреуі денсаулығына байланысты бас тартты. Қазір жергілікті тұрғындар ресми тіркелген үш үміткердің бірін таңдауда.
Лариса Попандопуло № 653 сайлау учаскесінің төрағасы
- Әр сағат сайын келушілерді санап отырмыз. Қазір 418 адам дауыс беріп үлгерді. Белсенділік жоғары. Қос партия өкілі байқаушы ретінде тіркелді. Әзірге заңға қайшы әрекеттер болған жоқ.
Сайлау процесін онлайн сервис оңайлатты дейді комиссия мүшелері. Әсіресе мекен жай, тіркелген учаскесін анықтау жеңілдей түскен. Бұрын осындай қарапайым жұмыстардың өзі көп уақыт алатын.
Мария Мунтян, № 653 сайлау комиссиясының мүшесі:
- Мен өз электрондық қолтаңбам арқылы ЕГОВ порталына тіркеліп, өтініш берушінің ЖСН кодын енгіземін. Портал барлық ақпаратты бір мезетте шығарып береді. Егер ол біздің мекенжайда болса, комиссия төрағасының рұқсатымен сайлаушылардың тізіміне қосамыз. Бұл ешқандай қате жібермей, сайлау процесін барынша ашық өткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы облыс бойынша бүгін Приозерск қаласы мен Ақтоғай және Осакаров аудандарының 38 мыңнан астам тұрғыны өз таңдауын жасап жатыр.Жалпы үш өңір бойынша 9 кандидат тіркелген. Әр аудан мен қалада бір орынға үш үміткерден келеді.
Дәуренбек Бағдаулетұлы, тілші:
- Соның ішінде электорат саны басым осы Осакаров ауданы. Мұнда 21 500-ге жуық адам өз таңдауын жасайды. Соның 1700-ге жуығы осы 653-учаскеге тіркелген. Казір олардың 45 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді.
Дәуренбек Бағдаулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар