Әшімбаев Абу-Дабиде қоршаған ортаны қорғауға арналған конференцияға қатысты
Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде қоршаған ортаны қорғауға арналған конференция басталды.
Жиынға Қазақстан атынан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысуда. Жалпы, бұл іс-шараға діни көшбасшылар, көрнекті ғалымдар мен ықпалды тұлғалар келген. Кездесуде сөз алған әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы климаттың өзгеруіне ден қою бойынша Қазақстанның елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Мәулен Әшімбаев бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында аталған конференцияны өткізудің маңызды екеніне ерекше тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
– Таяу Шығыста және басқа да аймақтарда қақтығыстар ушығып тұрған кезде рухани лидерлердің бас қосып, сұхбат құруы өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогты дамытуға үлкен үлес қосады. Қазіргі таңда әлем үшін дін көшбасшыларының жасампаз ролі аса қажет. Бүгінгі конференция барша халықтың игілігі үшін және ортақ сын-қатерлерді еңсеру жолында шынайы ынтымақтастықты дәріптейді. Мұндай кездесулер конфессияаралық диалогты нығайтып, әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге ықпал етеді деп сенемін.