М. Әшімбаев: Біз бір заңды жылына бірнеше мәрте өзгертіп жүрміз
«Біз бір заңды жылына бірнеше мәрте өзгертіп жүрміз. Бұл мемлекеттік шешімдердің сапасын көрсетеді».
Сенат төрағасы Үкімет сағатында осылай деп, мұндай тұрақсыздық бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламаларда да бар екенін айтты. Осының әсерінен қаржы көп бөлінгенімен, кәсіп ілгерілеп жатқан жоқ. Мәулен Әшімбаев енді шешімді асықпай қабылдап, жан-жақты талқыдан өткізу керек деді. Осылайша, бағдарлама бекітілгеннен кейін оның талабы мүлдем өзгермеуі тиіс. Бұл жаңа Салық кодексіне де қатысты. Сенат төрағасы әріптестерін құжатты барлық мәселені назарға ала отырып әзірлеуге шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл Кодекс бизнеспен айналысуға, оны кеңейтуге, шағыннан ортаға, ортадан ірі бизнеске көшуге ынталандыратын құжат болуы керек. Бізге бюрократия қажет емес. Жаңа кодексте сансыз есепке жол беруге болмайды. Онсыз да цифрлық дәуірде бәрі айқын көрініп тұрады. Алдымызда үлкен міндет тұр.