Қазақстан Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды
Қазақстан 2023-2027 жылдарға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды.
Бұл туралы Парижде өткен ЮНЕСКО Бас конференциясы жұмысының соңғы күні белгілі болды. Жағымды жаңалықты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында жазды. Қазақстанның кандидатурасын 118 мемлекет қолдады.
Дүниежүзілік мұралар комитеті ─ ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы. Құрамына 21 мемлекет кіреді. Комитеттің нысандарды Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге және алып тастауға айрықша құқығы бар. Комитетке мүше болып сайлану елімізде бірегей мәдени және табиғи мұраларды сақтауға қатысты белсенді жүріп жатқан жұмысты халықаралық қауымдастықтың мойындайтынын көрсетеді. Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесіне Көпсекторлы аймақтық кеңсе мәртебесін беру туралы шешім қабылданған болатын. Аталған кеңсе Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Ауғанстан, Пәкістан мен Иранды қамтиды.