Сенат бюджет жобасын кері қайтарды
Бүгін Сенат депутаттары Мәжіліс қабылдаған 3 жылдық бюджет жобасын төменгі палатаға кері қайтарды.
Елдің басты қаржы құжатына 180 түзету енгізді. Әлеуметтік саланы қолдау көлемін арттыру қажеттігін айтып, басымдық беретін бағыттарды айқындап берді. Сөйтіп, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге бөлуді көздейтін құжатты мақұлдады.
Сонымен, алдағы жылы қай салаға қанша қаржы бөлінеді, бюджет түсімдері қандай болмақ?
Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаев келер жылы бюджетке 20,4 трлн теңге кіріс түседі деген болжам айтты. Шығыс көлемі биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғаяды. Бюджет тапшылығы да байқалады. Ол жалпы ішкі өнімнің 2,6%-і деңгейінде болмақ. Негізгі есеп-қисап осындай. Ал Ұлттық қордан алынатын қаржы әлеуметтік маңызы бар стратегиялық жобаларға бағытталады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40%-тен асады. Бұл ретте тек индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге көзделген. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге бағытталады. Білім беру саласын дамытуға, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға 1,7 трлн теңге жұмсалады.
Сонымен қатар өңірлерді дамытуға 7 трлн теңге қарастырылған. Бұл – жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%-і. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келер жылы инфляция дәлізі 6-8% деңгейінде айқындалғанын жеткізді. Кейін 2026–2028 жылдары 5%-ке дейін төмендеуі мүмкін.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Болжам бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,3% құрайды. Кейін 2026-2028 жылдары 6% дейін өседі. 5 жыл ішінде ЖІӨ орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды. Экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика күтілуде. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев болса 3 жылдық бюджеттің басым бағыттарына тоқталып өтті. Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіп кешенін қолдау басты назарда болады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 млрд теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін Сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар маңызды бағыттарға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар көтерген барлық мәселелерді алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз.
Ұзақ талқылаудан кейін Сенаторлар заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Енгізілетін түзетулерді айқындап берді.
Тізбектеп өтсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 18 млрд теңге бөліну тиіс. Өңірлерде ауызсу мәселелерін шешуге тағы 20 млрд теңге жуық қаржы қарастыру керек. Елді мекендерге газ жеткізу, жол салу, бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға қосымша қаражат бөлу қажеттігін де назардан тыс қалмады. Жоғарғы палата депутаттары бұл мақсатқа бөлінетін әрбір теңгені есептеп, құжатқа енгізді.