Қазақ дипломатиясы жаңа белеске көтерілді – Сарапшылар
«Қазақ дипломатиясы жаңа белеске көтерілді».
Сыртқы саясаттағы ахуал жөнінде сарапшылар осылай дейді.
Күзде бірқатар мемлекет басшыларының біздің елге жиылуы осыны аңғартады. Ердоған, Орбан, Макрондарға қазір қазақ жұртымен байланысты бекемдеу маңызды. Саясаттың қазаны бұрқ-сарқ қайнап тұр.
Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим - дипломатикалық қарым-қатынастың жаңа белесі. Ол осы айдың 10 жұлдызынан күшіне енді. Яғни енді қазақстандықтар аспан асты елінде 30 күн емін-еркін жүре алады. Визасыз режимнің арқасында арадағы барыс-келістен бөлек, алыс-беріс те артады, дейді сарапшылар. Ал бәрінен бұрын шекараның ар жағында қалған қандастар ерекше қуанды.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда тұратын қандастар кезінде заңды түрде қытайдың азаматтығынан шығып Қазақстан азаматтығын алған кісілер де қытайға кез келген уақытта келе алатын мүмкіншілікке ие болып отыр. Біз білеміз кейбір азаматтар шекараның екі жағында қалып қойған. Қазір осы визасыз режимнің арқасында туған-туыстар өзара қауышатындай мүмкіншілік алып отыр.
Қазақстанның саяси арендаға салмағын арттырған жиын Сарыарқаның төсінде өтті. Түбі бір Түркі елдерінің басшылары 10-мерейтойлық саммитке жиылды. Алқалы басқосуда өзара байланыстағы өзекті мәселелерден бөлек, жаһандық геосаяси жағдай талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторындағы бейбіт тұрғындар мен балалардың шейіт кетіп жатқаны жайында шамырқана сөйледі. Қатыгездік пен зорлықтың қай түрі болмасын ақтауға келмейді. Қазақстан қашан да бейбітшіліктің жақтаушысы. Талай даулы істе шешуде төрін ұсынды. Бұл жолды да солай. Палестина халқына көмек жіберу жайында көпшілікке үндеу тастады.
Ерлан Ахмеди, саяси сарапшы:
- Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан тарапынан Палестинаға 1 млн доллар гуманитарлық көмек. Осы мәселеге тек қана Қазақстан ғана емес, Түркия, Әзербайжан,Өзбекстан мемлекеттері өздерінің пікірін білдірді. Түркі мемлекеттерінің негізі ұстанымы, ешқандай соғыссыз, текетірессіз, келісіммен, бейбіт жолмен осындай мәселелерді шешу.
Сыртқы саясаттағы достық пен келісімнің жарқын үлгісін Франция басшысы Макрон елордаға келгенде куә болдық. Биыл қазақ-француз іскерлік байланысының орнағанына - 15 жыл. Көп емес. Дейтұрғанымен, сан салада ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, сегіз айда сауда - саттық көлемі 21 пайызға өсті.
Ал он бес жылда Франция Қазақстанға 18,7 млрд доллар инвестиция салған. Енді білім-ғылым, бизнес, жасыл экономика мен стратегиялық минералдар бағытын жандандырмақ ниеті бар. Бұл жайында қос елдің президенттері бірлескен мәлімдеме жасады.
Айдар Әмребаев, саясаттанушы:
- Батыс пен Шығыс арасында, Ресей мен Батыс арасында қиын жағдайда қарым-қатынас үзілгенде Қазақстан арқылы Батыстың басшылары жан-жақта осы Қазақстанға қарап, Қазақстанның пікірін тыңдап, Қазақстанмен бірлесіп, келісімшартқа отырмақшы болады. Оның көрінісі осы күзде болған бірнеше Еуропа басшыларының іссапарлары.
Қазақ-мажар байланысының да жаңа дәуірі басталды. Виктор Орбанның Қазақстанға атажұртым деп келуі осыны аңғартады. Тараптар әсіресе сауда-саттық саласына соны серпін бермек. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасқа да қан жүгіреді. Айтпақшы, мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы 1-дәрежелі Достық орденімен марапаттады. Осы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ежелден туыстас мажар жұртына қазақтың кең пейілін паш етті.
Назерке Тоқжан, Мұрат Әріпхан